Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты мен «OtarBioPharm» иммунобиологиялық зауытының ғалымдары мен мамандары Наурыз мейрамы – көктемгі жаңару мерекесін атап өтті.

Осы қуанышты күні бізге, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Дәулет Рүстем Рысбайұлы келді. Рүстем Рысбайұлы Наурыз мерекесі – көктемнің және жаңарудың жарқын мерекесімен құттықтап, ұжымымызға амандық пен табыс, жаңа ғылыми және өндірістік жетістіктерді тілек етті!

Қызметкерлеріміз халқымыздың ұлттық қолөнер бұйымдарымен бірге киіз үйлерді де нақышына келтіріп құрастыра білді. Мереке күні ұлттық тағамдарымызға бай мол дастархан кеңінен жайылып, Наурызымыздың басты салттық тағамы Наурыз көжеміз де берілді. Сондай-ақ, үстелге палау, бауырсақ т.б. ұлттық тағамдарымыз ұсынылды. Наурызды жомарттықпенен бұлай тойлаудағы негізгі мақсат – алдағы жылы молшылық пен табысқа кенелуге шақырады деген наным-сенімнің барында.

Мерекеде халқымыздың салт-дәстүрлері мен үрдістері: «Ата өсиеті», «Жәнібек хан мен Жиренше шешеннің диалогы», «Әже тәрбиесі», «Құда түсу, сырға салу», «Қыз ұзату», «Беташар, келін шай», «Төс тарту, есік көрсету», «Қырқыннан шығару, бесікке бөлеу, тұсау кесу» сияқты театрландырылған қойылымдар мейрамымыздың ажарын аша түскендей болды. Дәстүрлі қазақ тағамдарынан дәм татқызған аспаздық турнирлер де көпшіліктің көңілдерінен шықты.

Наурыз мейрамы «Қол күрес», «Арқан тарту» секілді спорт күрестерінсіз өтер ме, оған да тек ұлдар ғана емес, қыздар да қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ, мереке барысында нағыз «Тұсау кесер» салты  шын мәнісінде жүргізіліп, оң үрдісін тапқандай болды.

 

Наурыз мейрамының соңында қатысушылардың ішінен жасы үлкен, көп құрметтерге ие кісілердің бірі жылдан жылға амандық – саулық бізді тастап кетпеуі үшін үлкен ақ батасын берді.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауы да, жаңарудың символы болып табылатын Наурыз мейрамы күндерінде шықты.

Осыған орай айтарымыз, «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты» мен «OtarBioPharm» иммунобиологиялық зауытының ғалымдары мен мамандары, қасиетті Қазақстанымыздың жаңаруы мен гүлденуін шын ниетпен қолдайды!

By admin