2021 жылғы 15 маусымда Тараз қаласындағы Көпбейінді қалалық ауруханада COVID-19-ға қарсы отандық суббірлікті вакцинаның 18-50 жас аралығындағы еріктілерді тарту арқылы жүргізілетін клиникалық зерттеулері басталды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» ШЖҚ РМК COVID-19-дың алдын алуға арналған жаңа вакциналық препарат – SARS-CoV-2 коронавирусының жасанды синтезделген ақуыздары негізінде QazCoVac-P суббірлікті вакцинасының клиникалық зерттеулерінің I және II фазасын жүргізуге Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің рұқсатын алды.

Атаулы вакцина, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің мамандандырылған кәсіпорнында клиникаға дейінгі сынақтардан сәтті өткен және өзінің қауіпсіздігін көрсеткен БҚПҒЗИ-ының екінші вакцинасы болып табылады.

Молекулалық биологияның заманауи технологияларын қолданудың арқасында, әзірлеушілер, SARS-CoV-2 коронавирусының иммундық жүйемен танылатын RBD және N ақуыздарын өндіретін штамдарын ала алды.

Вакцинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алынған ақуыздарды күрделі тазартудың барлық кезеңдері жүргізілді және сапа бақылауы өткізілді. Олардың құрамында тұтас вирус жоқ.

Вакцина, екінші дозаны бұлшықет ішіне енгізгеннен кейінгі 14-ші тәулікте егілген зертханалық жануарлардың денесінде иммунитетті дамытуға себепші болады.

Инактивтелген вакциналардың құрамындағы сияқты суббірлікті вакциналардың құрамында да патогеннің тірі компоненттері жоқ және өте қауіпсіз болып табылады.

Вакцинаның құрамындағы адъювант иммундық жауаптың пайда болуына себепші болады және вакцинацияланушының ағзасына теріс әсер етпейді. Себебі, бұл вакцинаның құрамына тек қажетті антигендер кіреді және вирустың барлық басқа құрамдас бөлшектері жоқ, суббірлікті вакцинадан кейінгі жанама әсерлер сирек кездеседі. Вакцинаның бұл түрінің мысалдары ретінде тұмауға, В гепатитіне, пневмококқа, менингококкқа, гемофильді инфекцияларға және т.б. қарсы вакциналарды алуға болады.

Клиникалық зерттеулердің сәтті өтуі суббірлікті вакцина көмегімен вакцинацияланғандардың контингентін кеңейтуге және елімізде коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитеттің қалыптасуын тездетуге мүмкіндік береді.

By admin