Научно-Исследовательский Институт Проблем Биологической Безопасности

ТАҢҒАЖАЙЫП ТАҢБАЛЫҒА САЯХАТ

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында 2019 жыл елімізде Жастар жылы деп атаған болатын.

«Nur Otan» партиясы «Гвардейск» бастауыш партия ұйымының төрағасы Касенов Мархабат Мелісбекұлының бастамасымен, институт кәсіподақ комитетінің және Жас ғалымдар кеңесінің қолдауларымен,  «Жастар жылы» сонымен қатар Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың 7 қыры» мақалалары аясында, Биологиялық кауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты жастарына  патриоттық тәрбие беру, оларды қоғамдық-мәдени ортаға тарту мақсатында «Өз тарихыңды танып біл» атты іс-шара өткізілді. Өткізілген іс-шара барысында Алматы облысы, Жамбыл ауданы аумағында орналасқан «Таңбалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық музейіне саяхат ұйымдастырылды.

Жамбыл ауданының батысындағы шөлейтті және жартылай шөлейтті аймаққа жататын Қарабастау елді мекенінің жазықпен шектескен Таңбалы шатқалындағы тастарға қашалған, бедерленген (петроглифтер) қазіргі уақытта туризм көзіне айналып, халқымыздың өте бай мұрасы ретінде шетелден келген туристердің назарына ұсынылып, еліміздің  мақтанышына айналған.

«Қорық-мұражай 2005 жылы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Бүкіләлемдік мұралар тізіміне «Таңбалы археологиялық ландшафты жартас суреттері» Қазақстандық номинациясын енгізу туралы сертификатты ЮНЕСКО-ның бас директоры Кончиро Мацура қорық-мұражайдың директорына тапсырып, оның мән-маңызына деген ықыластың жоғарылығын айқындаған екен. «Таңбалы» шатқалының аумағында 100-ден астам әр уақыттағы ескерткіштер – қола дәуірінен б.з.д. XІV-XІІІ ғасырдың ортасынан XІX-XX ғасырларға дейінгі аралықты қамтыған қоныстар, молалар, ертедегі тас қашалған орындар, жартас суреттері және табыну ғимараттары (құрбан шалынатын жерлер) орналасса, ол еліміздің бұрынғы және қазіргі уақыттағы халықтарының тарихын нақтылы көрсететін археологиялық кешен. Археологтардың айтуынша, Таңбалының көптеген жартас суреттері қола дәуіріндегі орталық Азияның жартастағы өнерінің бірегейлігі деуге болады. Сонымен бірге ежелгі Жібек жолының бір тармағы болғанын да тарихи орындар айғақтайды.

Саяхат жастардың туған жер мен оның тарихына деген қызығушылығын тудыру мақсатындағы игі іс-шара болды. Жастар табиғи мұражайға деген өз пікірлерін білдіріп, оған аса қызығушылықпен және құмарлықпен қарайтындықтарын, саяхаттан өте керемет әсер алғандарын және туған жердің небір сырларына деген қызығушылықтарын оятқандарын жеткізді.